Ұлытау облысы 500 млн теңгеге ветеринарлық нысандар орнатпақ

Қаракөз Амантай 02 сәу. 2026 16:26

Ұлытау облысында ауылдық жерлерге арналған 19 модульдік ветеринарлық нысан сатып алынды. Жобаның жалпы құны шамамен 500 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ФБРК телеграм арнасының мәліметінше, бұл бастама өңірдегі ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған.

"Кейінгі жылдары ауылдық жерлерде маман тапшылығы, инфрақұрылымның әлсіздігі және қызметтің қолжетімсіздігі жиі көтеріліп келеді", - дейді дереккөз.

Ұлытау облысы – халқы сирек қоныстанған, елді мекендер арасы алшақ орналасқан аймақ. Мұндай жағдайда шалғай ауылдардан аудан орталығындағы ветеринарлық станцияға жету қиын. Соның салдарынан мал аурулары кеш анықталуы мүмкін.

Дереккөз ақпаратынша, осыған байланысты облыстық ветеринария басқармасы екі бағыт бойынша сатып алу жүргізген. Біріншісі – Қаражал қаласына арналған бір модульдік ветеринарлық станция. Екіншісі – Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарының ауылдық округтеріне арналған 18 ветеринарлық пункт.

"Әрбір модуль толық жабдықталған нысан ретінде қарастырылған. Ғимараттар ауа райының күрделі жағдайына бейімделген, ішінде мамандарға арналған кабинеттер, дәрі-дәрмек сақтайтын орындар және қажетті тұрмыстық бөлмелер бар. Сонымен қатар, малмен жұмыс істеуге арналған арнайы алаңдар мен жабдықтар қарастырылған", - деп толықтырды олар.

Жобаны жүзеге асыру құқығын "Нұрлы Аспан Құрылыс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алған. Компания нысандарды келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап 60 күн ішінде толық дайын күйде тапсыруы тиіс.

Әрбір модульдің құны шамамен 26 млн теңгені құрайды. Мамандар мұндай бағаға қатысты әртүрлі пікір білдіріп жатыр. Бірі толық жабдықталуын ескеріп, орынды десе, енді бірі мемлекеттік сатып алуда баға тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауы мүмкін екенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove