Муфтият Наурызға қарсы пікірлерге жауап берді

Самал Асқар 02 сәу. 2026 19:26

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) соңғы уақытта қоғамда қызу талқыланған мәлімдемелерге қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Dala News.

Муфтият өкілдері жекелеген адамдардың әрекеттері мен пікірлері ислам дініне телінбеуі тиіс екенін атап өтті.

«Исламда кемшілік жоқ, кемшілік адамда. Жекелеген адамдардың қателігі діннің немесе ҚМДБ-ның ұстанымы емес», – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ ҚМДБ қоғамда резонанс тудырған Курбанали Ахметке қатысты да нақты позиция білдірді. Муфтият оның ұйымға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

«Курбанали Ахмет ҚМДБ жүйесінде жұмыс істемейді, онымен ешқандай байланысымыз жоқ», – деп атап өтті басқарма.

Муфтият Наурыз мейрамына қатысты да нақты ұстанымын жеткізді. Онда ұлттық мерекенің ислам қағидаларына қайшы келмейтіні айтылған.

«Наурыз – қазақ халқының ұлттық мейрамы. Оны атап өтуге дін тұрғысынан тыйым жоқ. Бұл мерекеге қарсы пікірлер біздің көзқарасымызды білдірмейді», – делінген хабарламада.

ҚМДБ өкілдері сонымен қатар салафизм, ваххабизм және такфиризм секілді ағымдардың дін атынан пікір айтып жүргеніне алаңдаушылық білдіріп, оларға қарсы түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін қоғамда Наурызға қатысты даулы пікірлер айтқан тұлғаларға байланысты іс қозғалып, олардың кейбірі жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл мәселеге қатысты Бас прокуратура мен ҚМДБ-ға ресми сауал жолдаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove