Депутат Ермұрат Бапи қоғамға қауіп төндіретін теріс діни ағымдар жөнінде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Интернет подкастардың бірінде ресми діни құрылымға қатысы жоқ әлдебір имам сымақ үш әйелі барын сөз етіп, соңғысын өзінің шәкіртіне "сыйға тартқанын" жайбарақат жария етті. Бұл мәлімдемені адами моральға жат қылық қана емес, сонымен бірге, азаматтық неке жөніндегі заңнаманы көпе-көрнеу бұзу, қазіргі Қазақстандағы дәстүрлі дінді мансұқ ету және оның құндылықтарына қасақана нұқсан келтіру деп түсіну керек. Жалпы адамды сыйға тарту адам сату, адам саудасы санатындағы қылмыс саналуға тиіс! Заңды белшесінен басып, ойына келген шариғатын шатып отыратын мұндайларға тосқауыл қойылуы керек!" - деді Бапи.
Ол осы подкастың авторы журналистік этиканы, кәсіби салиқалықты сақтамағанын айтты.
"Екінші бір көрініс - "Наурыз мерекесі Ислам дініне жат мейрам" деген сақалы бар, мұрты жоқ біреудің видео былжырағы. Әлеуметтік желілерді кезіп кеткен бұл дақпырт - табиғатпен тел туатын мерекені жоққа шығару ғана емес, сонымен бірге, біздің халықтың ғасырлардан тамыр тартатын салт-дәстүріне, ұлттық мәдениеті мен бірегейлігіне күмән келтірудің кебі", - деді Ермұрат Бапи.
Ол Бас прокурорға үн қатып, астарлы мәселені көтерді.
"Құрметті Бас прокурор мырза, елдегі діни негіздегі қоғамдық жарықшақ асқынып кетпесін десек, әкімшілік жазамен ғана ушығып бара жатқан жағдайды ауыздықтау аздық етеді! Әсіресе, әлеуметтік ресурстар арқылы теріс діни насихат пен діни араздықты қоздырушы тұлғаларды қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беретін заң нормаларын депутаттар корпусының талқылауына ұсынуды сұраймын. ...Олардың уағызында Ораза айт пен Құрбан айттан басқа мейрамды, тіпті мемлекеттік мерекелерді атап өту - харам! Туған күн, шілдехана, тұсаукесу, беташар - харам, ешқайсын тойлауға болмайды. Яғни біздің түркілік тамырымыздан тарайтын құндылықтар олар үшін жат, харам, бөтен! Осы ретте теріс діндар тақуаларға сұрақ қойғым келеді: "Ағайындар, біздің сан ғасырлық ұлттық дәстүрлеріміз харам болса, Қазақстан мемлекеті сіздерге туған ел емес шығар?! Ұлттық құндылықтарды ғасырдан ғасырға сақтап қалған қазақтың қасиетті даласы сіздерге атамекен емес болар?! Ендеше харамы жоқ, сіздер қош көретін елге неге қоныс аударып кетпеске?! Алды-артыңа бір уыс топырақ!" - деді депутат.
Ермұрат Бапидің сөзінше, қоғамда діни статусы күдікті дүмшелер өріп жүр.
"Сөз соңында Қазақстан мұсылмандары қауымдастығына қатысты ұсынысымды білдіргім келеді. Бұған дейін айтылған қос дүмшенің дүрбелеңіне қатысты қауымдастықтың дін қайраткерлері мен діни шенеуніктері тарапынан қарсы пікір айтылғанын естімедім. Тіпті, менің ойымша, ресми қауымдастық сырттан сіңген теріс діндарлардан қаймығып, "сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің" кебін киген тәрізді. Қарапайым тілде "ДУМК" деп қысқартылып аталатын қауым өз жұмысын қайта қарауы керек деп есептеймін. Олар цифрлық кеңістікке шығып, ел іші мен онлайн ортадағы діни кикілжіңге дер кезінде реакция жасап, қоғамды зұлым уағыздар қоршауында қалдырмауға тиіс!" - деп түйіндеді ол.
