Алматыда бір тәулікте 2 мыңнан аса заңбұзушылық тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қалада 1 сәуірден бастап жол жағдайын тұрақтандыруға және құқықбұзушылық деңгейін төмендетуге бағытталған "STOP бұзушылық" операциясы өткізіліп жатыр.
Іс-шараның алғашқы күні жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2 200-ден аса дерегі анықталған.
"Негізгі назар өрескел құқықбұзушылықтардың жолын кесуге аударылған. Мас күйінде көлік басқару, қарсы жолаққа шығу және жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізу деректері тіркелді. Электрсамокат пайдалануға ерекше көңіл бөлінді. Бір тәулік ішінде 400-ге жуық құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде кәмелетке толмағандар басқарған жағдайлар бар. Нәтижесінде ата-аналарға қатысты тиісті шаралар қабылданды", - деді полиция.
Сонымен қатар, мыңға жуық көлік арнайы айып тұрағына қойылған. Алматы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, басты мақсат - құқықбұзушылықтарды анықтау ғана емес, жолдарда қауіпсіз орта мен тәртіп қалыптастыру.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда өзге өңірден келген полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
