Бас прокуратура Эпштейн ісіне қатысты жарияланған құжаттарды зерттеп жатыр. Ведомство бұл деректер арасында Қазақстан азаматтарының аты-жөні бар-жоғын анықтауға кіріскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Tengrinews.kz жариялаған видеода бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов зерттеліп жатқан мәліметтердің көлемі өте ауқымды екенін атап өтті. Құжаттарда 3 миллионнан астам хабарлама бар.
"Олар толық емес, үзік-үзік мәліметтер. Қазір Қазақстан азаматтарының қатысы бар-жоғын, сондай-ақ елімізге қатысты қандай да бір мәліметтердің бар-жоғын мұқият қарап жатырмыз", – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов Бас прокуратура мен ҰҚК-ден Джеффри Эпштейннің файлдарында аты аталған барлық қазақстандықты, сондай-ақ олармен байланысы болуы мүмкін тұлғаларды тексеруді сұрады. Депутат бұл кездесулердің сипатын анықтауды талап еткен еді.
Оның айтуынша, құпия ақпараттың, соның ішінде мемлекеттік құпиялардың сыртқа шығу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Депутаттық сауал 25 ақпанда Берік Асыловқа және ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевқа жолданған.
Рахымжановтың сөзінше, дамыған демократиялық елдерде бұл дауға қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тергеулер мен қылмыстық қудалау басталып кеткен.
"Мұны жабулы қазан күйінде қалдыруға болмайды. Құжаттарда "Ескі Қазақстанның" жоғарғы эшелонында болған, маңызды мемлекеттік қызмет атқарған адамдар аталады. Бұл енді олардың жеке өмірі емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен елдің беделіне қатысты мәселе. Мысалы, бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовжазбаларда кемінде сегіз рет кездеседі", – деді депутат.
