Back
| DalaNews

Пандемия кезінде ақпарат таратудың алгоритмі қалыптасты

Еліміздің ақпарат саясатын дамыту маңызды бағыттардың бірі десек болады. Пандемия кезінде отандық ақпарат құралдарының қаншалықты бәсекеге қабілеттілігі айқын көрінді. Осы жолы еліміздегі БАҚ-тың әлі де дамуы қажет екенін түсінгендей болдық.  

Пандемия кезінде ақпарат құралдарының жарнама берушілер қатары айтарлықтай азайып кеткені жасырын емес. Бұл өз кезегінде ақпарат құралдарының қаржылық-материалдық жағдайының біршама төмендеуіне ықпал етті. Осы ретте барлық үміт мемлекетке ауды. Індет әсіресе тәуелсіз ақпарат құралдарына ауыр соққы болып тиді деуге болады.

Бізге қалай болғанда да, еліміздің ақпараттық саясатын қалыптастырып отырған БАҚ-ты сақтап қалудың маңызы зор. Дәл осы кезеңде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі де қарап қалған жоқ. Отандық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетті. Бұл жайында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханым отандық медиа саланы дамытуға қатысты жиында айтқан болатын.

– Үкімет пандемия кезінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарына барынша қолдау көрсетті. Айталық, еліміздегі ақпарат құралдары салықтық жеңілдіктерге, түрлі мемлекеттік тапсырыстарға ие болып, жұмысын жалғастырды. Еліміздегі жетекші телеарналарға эфирлік жиілікті беруде коммерциялық жеңілдіктерді ұсындық, – деп Аида Балаева министрліктің отандық БАҚ-ты қолдаудағы жұмыстарын қысқаша баяндап берген болатын.

Жалпы, кез келген ақпарат құралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан көмек, қолдауларға ие болып келеді.

Пандемия кезінде министрлік жалған ақпаратпен күресу бағытында арнайы сайт жасақтап, медиақұрылымдардың шынайы ақпарат таратуына жол ашты. Осының арқасында ел ішінде дүрбелең туғызатын талай дүниелерге тосқауыл қойылды.

Карантин кезінде журналистер қауымының жүріп-тұруы да министрліктің назарында болғанын айта кетуіміз керек. Айталық, төтенше жағдай қабылданып, карантин өзінің шырқау шегіне жеткенде, Ақпарат министрлігінің жергілікті билік орындарымен жедел байланыс орнатып, журналистер қауымының жедел, шынайы ақпарат таратуына мүмкіндік жасады. Осы ретте министрліктің әбжіл қимылының арқасында жергілікті әкімдіктер ұйымдастырған арнайы порталға тіркеліп, сақтық шараларын сақтай отырып жұмыс істедік.

Осындай біріккен жұмыстардың арқасында пандемия кезіндегі жұрттың көңіліне алаң кіргізбеуде көптеген жұмыстар атқарылғанын айтуға тиіспіз. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарды дамытып, халыққа шынайы ақпаратты жеткізу бағытындағы жұмыстарды жетілдірудің маңызы зор.

ҚР Ақпарат министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен тізе қосып, коронавирустан қалай сақтанудың жолын түсіндіретін инфекционист мамандардың жедел түрде пулн қалыптастырып, олардың байланыс телефондарын редакцияларға таратқанның арқасында әлеуметтік желіде таралған жалған ақпараттарға лайықты тойтарыс берілгені белгілі. Пандемия кезінде министрлік пен еліміздегі ақпарат құралдары қоғамда шынайы ақпарат таратудың тамаша алгоритмін қалыптастырды деп нық сеніммен айта аламын. Алдағы уақытта осы іс-тәжірибені дамытып, ақпараттық тасқынға тосқауыл қоюдың жаңа жүйесін қалыптастырған ләзім. Пандемия мемлекет пен қоғамды жақындатып, тұтастырып жіберді десек болады.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ