ҰҚК атын жамылған алаяқтар көбейді: ведомство ресми ескерту жасады

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 17:59

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ведомство атын пайдаланып жасалып жатқан алаяқтық әрекеттерге байланысты ресми ескерту жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, соңғы уақытта ҰҚК мен өзге де арнайы қызмет өкілдері ретінде таныстырылған алаяқтардың қоңырау шалып немесе мессенджер арқылы байланыс орнату фактілері көбейген. Олар азаматтарға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын немесе олардың банк шоттарында күмәнді операциялар тіркелгенін айтып, сеніміне кіруге тырысады.

Кейбір жағдайларда алаяқтар ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп туралы немесе террористік актінің алдын алу үшін “арнайы операция” жүріп жатқанын алға тартады.

“Алаяқтар сенім ұялату үшін бейнеқоңырау арқылы жалған қызметтік куәліктер көрсетіп, ҰҚК логотипі бар жалған құжаттар жібереді және арнайы қызметтерге тән кәсіби терминдерді қолданады. Мұндағы басты мақсат – азаматты өзінің қаражаты қауіпте екеніне сендіру”, – делінген ҰҚК мәлімдемесінде.

Алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері мыналар:

  • Қаражатты “тексеру” немесе “сақтау” мақсатында жалған “қауіпсіз шотқа” аударуға көндіру;
  • “Жинақтарыңызды сақтау” желеуімен несие рәсімдету;
  • КНБ атынан жұмысқа орналастыру немесе әлеуметтік мәселені шешу бойынша ақылы көмек ұсыну.

Аталған әрекеттер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) және 385-бабы (“Жалған құжаттарды жасау, пайдалану немесе өткізу”) бойынша қылмыс болып саналады.

“Құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлері ешқашан азаматтарға террористік актілердің алдын алу сылтауымен немесе қандай да бір басқа желеумен ақша аударуды талап етіп қоңырау шалмайды”, – деп атап өтті ҰҚК баспасөз қызметі.

Осыған байланысты ҰҚК азаматтарды қырағы болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге, жеке деректер мен банк реквизиттерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады.

“Егер сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, бірден полиция органдарына жүгініп, оқиға жайлы толық ақпарат беріңіз”, – деп кеңес береді ҰҚК өкілдері.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, цифрлық технологиялар мен қашықтан қызмет көрсету кең таралған қазіргі заманда алаяқтар психологиялық қысым көрсету тәсілдерін жетілдіре түсуде. Осындай жағдайда тек қана ақпараттылық пен сақтық азаматтарды қылмыскерлердің құрбаны болудан қорғай алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар