Маңғыстаудағы кен орындарына әзербайжандық компанияның көзі түсті

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2025 13:08

 
Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы Socar Түпқараған ауданында орналасқан Доңға кен орнын игеру жобасына қатысуға ниет білдірді. Бұл туралы ҚР энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Report.az басылымына айтып берген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Санжар Жаркешовтың айтуынша, Қазақстан мен Әзербайжанның энергетика министрліктері мұнай барлау және өндіру саласындағы әріптестікті нығайту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ұлттық компаниялар – «ҚазМұнайГаз» және Socar – бірлескен жобаларды іске асыруды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған.
«Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы Доңға кен орны бойынша Socar жобаға қатысуға ниет білдірді. Қазір белсенді келіссөздер жүріп жатыр, және біз Әзербайжанның энергетика министрлігінен нақты нәтижелер күтеміз. Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», – деді Санжар Жаркешов.
Доңға кен орны 1966 жылы ашылған. Оның геологиялық қоры 106 миллион тонна мұнай мен 6 миллиард текше метрден астам газ деп бағаланады. Жоба 1994 жылы Қазақстан үкіметімен жасалған өнімді бөлу туралы келісім аясында жүзеге асырылып келеді.
 
2023 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы француздық TotalEnergies концернінен жобадағы 60 пайыздық үлесті сатып алып, оператордың атауын Dunga Operating GmbH деп өзгерткен.
 
Қазіргі уақытта жобаның қатысушылары:
  • «ҚазМұнайГаз» – 60%;
  • Oman Oil Company Limited – 20%;
  • Partex Kazakhstan Corporation – 20%.
Кен орнын игерудің операторы – Dunga Operating GmbH.
Айта кетейік, ашық деректерге сүйенсек, Socar – Әзербайжан Республикасының мемлекеттік мұнай компаниясы және әлемдегі ірі мұнай-газ компанияларының бірі. Компания мұнай мен газды барлау, өндіру, өңдеу және тасымалдаумен, сондай-ақ мұнай өнімдерін өткізумен айналысады. Ол аймақтың энергетикалық нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі саналады және әлемнің көптеген елінде өкілдіктері бар.
Әзербайжандағы мұнайдың 80 пайызын, ал табиғи газдың 100 пайыз тасымалын Socar қамтамасыз етеді. Компанияның Грузия, Түркия, Украина және басқа да елдерде еншілес кәсіпорындары мен өкілдіктері бар, олар мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау және сату бағытында жұмыс істейді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар