Гендерлік мәселелер бойынша белгілі қазақстандық сарапшы Әйгерім Құсайынқызы ЕҚЫҰ алаңында сөйлеген сөзінде Қазақстанның адам құқықтарын қорғау және гендерлік саясат бағытындағы жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшының айтуынша, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) мүше 56 мемлекеттің ішінде Қазақстан адам құқықтарын қорғау бағытында белсенді елдердің қатарында.
«2010 жылы Астанада өткен саммит Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға қосылуындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Себебі бұл ұйымға мүше болу – елдегі адам құқықтарының сақталу деңгейін, азаматтық қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылын көрсетеді», – деді ол.
Әйгерім Құсайынқызының айтуынша, ЕҚЫҰ саммиттері тек мемлекет өкілдері ғана емес, азаматтық қоғам мен ғалымдардың да пікірін ескеретін үштаған форматта өтеді.
«Бұл – адам құқықтары, гендерлік теңдік және қауіпсіздік саласындағы ең маңызды халықаралық диалог алаңы», – деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ол Қазақстанның бала құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бағытында нақты қадамдар жасап отырғанын айтты.
«Президентіміз айтқандай, әрбір бала Қазақстанда бақытты балалық шаққа лайық. Бұл тек сөз жүзінде емес, заңнамалық деңгейде жүзеге асып отыр. Мәселен, былтыр қабылданған “Салтанат заңы” тек тұрмыстық зорлық-зомбылық емес, балаға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтардың да алдын алуға бағытталған», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, сталкинг пен қыз алып қашуды қылмыстық кодекске енгізу – Қазақстанның адам құқықтарын қорғау саласындағы ерекше бастамасы.
«Бұл баптар қазірдің өзінде көптеген дамыған Еуропа елдерінің заңнамасында жоқ. Сондықтан Қазақстанның бұл тәжірибесі халықаралық деңгейде жоғары бағаланды», – деді Әйгерім Құсайынқызы.
Ол сонымен қатар азаматтық қоғам мен ғылыми қауымдастықтың мемлекеттік саясатты жетілдіруге белсенді атсалысып отырғанын атап өтті.
«Бізде қабылданатын кез келген шешім қоғам өкілдерінің үнін ескеріп жасалады. Бұл – қазақстандық демократиялық тәжірибенің маңызды ерекшелігі», – деді сарапшы.
ЕҚЫҰ отырысында Қазақстанның гендерлік теңдік пен адам құқықтарын қорғау саласындағы заңнамалық бастамалары оң бағаланып, елдің озық тәжірибесі халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапты.