Freedom Inside '26

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Ресейде сырттай қамауға алынды
Dalanews.kz

Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде танылған, «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Қапенов Ресейде сырттай қамауға алынды. Ол кәсіпкер, «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының бұрынғы иесі Анатолий Балушкинді алдады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот Азамат Қапенов пен Медер Қапеновке қатысты екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл мерзім олар нақты ұсталған сәттен немесе Ресейге экстрадицияланған жағдайда құқық қорғау органдарына тапсырылған күннен бастап есептеледі.

Тергеу нұсқасына сәйкес, ағайынды Қапеновтар Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-дегі 25 пайыздық үлесті заңсыз иемденді деген күдікке алынған.

Іс материалдарында олардың компания қызметіне қатысты дауларды шешіп береміз деген сылтаумен Анатолий Балушкинді жаңылыстырғаны айтылған. Тергеу дерегінше, күдіктілер өз ықпалын алға тартып, мәселені реттеуге уәде бергенімен, шын мәнінде бұл міндеттемені орындауды көздемеген болуы мүмкін.

Алдын ала мәлімет бойынша, кәсіпкерге келтірілген материалдық шығын шамамен 52 миллион рубльге бағаланып отыр.

Айта кетейік, Анатолий Балушкин бұған дейін Қазақстандағы ірі автокөлік өндірушілердің бірі саналатын «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі иесі болған. Тергеу материалдарында кәсіпкер компанияның айналым қаражатын толықтыру үшін сол кездегі «Цеснабанк» арқылы, қазіргі Jusan Bank, 66 млрд теңге көлемінде несие алғаны көрсетілген.

Кейін банк берешекті өндіріп алу мақсатында сотқа жүгінген. Сот барысында Балушкин мен оның серіктесі Ерік Сағымбаевтың несие қаражатын жымқырғаны анықталғаны айтылды. Осыдан кейін кәсіпкердің активтері бұғатталып, компаниялар тобына қарасты кәсіпорындардың жұмысы тоқырауға ұшыраған.