Байділдиновтің байлығы мен даулы мәлімдемелері: жұрт сынына іліккен сарапшы туралы не белгілі

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2025 13:13

Энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов кейінгі уақытта даулы мәлімдемелерімен жұрттың сынына ұшырап жүр. Бұған дейін ол қоғамдық көліктердегі жолақысы 500 теңге болуы тиіс деп пікір білдіріп, көпшіліктің наразылығын тудырған еді. Араға ұзақ уақыт салмай, “Қазақстан антиресейлік бағытқа бет алды” деген мәлімдемесімен тағы да қоғамның ашуына тиді. Осы пікірлерінен кейін көпшілік сарапшының өміріне назар аудара бастады. Dalanews.kz редакциясы Олжас Байділдиновтің қызметтік және жеке өміріне қатысты ашық деректерді саралап көрді.

Қымбат бренд киімдері

Threads қолданушылары ең алдымен Байділдиновтің әлеуметтік желідегі суреттерін талқыға салды. Онда сарапшы әлемдік сән үйлерінің қымбат киімдерін киіп түскен. Тіпті олардың бағасын да ашық көрсеткен.

Мәселен, оның үстіндегі Gucci күртешесінің құны - 3,2 миллион теңге, ал Louis Vuitton жейдесі - 556 мың теңге тұрады.



Жеке мүліктері

Dalanews.kz 2022 жылы жарияланған ашық деректерге сүйене отырып, Байділдиновтің сол кездегі мүліктік жағдайына да шолу жасады. @chinovnik_kz Telegram-арнасының мәліметінше, сарапшының меншігінде мынадай нысандар болған:

• Қосшы қаласында екі қабатты үй (2020 жылы салынған, 288 шаршы метр) – шамамен 85 млн теңге;

• Астанадағы Highvill Astana тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер (100 шаршы метр) – 60 млн теңге;

• Алтын-Арна тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтер (75 шаршы метр) – 40 млн теңге;

• Француз кварталы тұрғын үй кешенінен 1 бөлмелі пәтер (37 шаршы метр) – 27 млн теңге;

• Коммерциялық нысан (100 шаршы метр) – 20 млн теңге;

• 2021 жылғы екі автокөлік – жалпы құны 33 млн теңге шамасында.

Осылайша, 2022 жылғы есеп бойынша, Байдильдиновтің жеке активтерінің жалпы құны 250 миллион теңгеден асқан.

Бұған қоса, ол 2024 жылы Ыстамбұлдан үш бөлмелі пәтер сатып алып, оны өзінің YouTube арнасында мақтанышпен көрсеткен.

Байділдиновтың даулы мәлімдемелері

Газ бағасы

Еске салсақ, 2022 жылы Қанды қаңтар оқиғасы қарсаңында сарапшы Олжас Байділдинов сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты ел арасында пікірталас тудырған еді. Ол кезде Байділдинов “газ бағасының 15–20 теңгеге өсуі айтарлықтай шығын емес, біз интернетке де одан көп төлейміз” деп мәлімдеп, халықты “қоғамдық көлікке көшуге” шақырған.

Бұл пікір көпшіліктің наразылығын туғызды. Әлеуметтік желі қолданушылары Қаңтар оқиғасы кезінде тараған қарулы адамдардың жүк көлігінде жүрген кадрларымен осы сөздерді байланыстырып, қайта еске алды.

Жолақыны 500 теңгеге көтеру ұсынысы

Ал жақында Байділдинов тасымалдаушылар шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтып, автобус билеті кем дегенде 500 теңге болуы тиіс деген пікір білдірген еді.

Оның айтуынша, Петропавлда тасымалдаушыларға субсидия үш жылдан бері төленбей келеді, ал жолақының өзін-өзі ақтайтын құны кемінде 345 теңге болуы тиіс.

"Мен бұл мәселені бұрыннан айтып келемін. Автопарктерге бөлінетін субсидиялар жүйесі тұманды, жемқорлыққа бейім, әрі сапа тұрғысынан ешқандай нәтиже бермейді", — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Астана мен Алматыда қоғамдық көлік жолақысы 500 теңге шамасында болуы тиіс. Бұған дейін мәслихат сессияларында 450 теңге көлеміндегі өзіндік құн да аталған.

"Мысалы, былтыр Алматыда автобус тасымалына 200 миллион доллар субсидия бөлінді. Бірақ одан сапа жақсарды ма?" – дейді ол.

Сарапшы бұл салаға нарықтық баға мен ашық бәсекелестік енгізу қажет екенін айтады.

"Үш аялдама жүрген адам мен бір жарым сағат жол жүрген жолаушының бірдей төлеуі экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек", - деп қосты Байділдинов.

Тіл мәселесі

Кейін Байділдинов Қазақстандағы тілдік жағдай мен аймақ елдеріндегі жастардың орыс тілін білмеу мәселесіне тоқталған еді. Оның айтуынша, бұл құбылыс Ресей үшін де маңызды әлеуметтік әрі идеологиялық факторға айналып келеді.

"Қазір қазақ тілінде оқытылатын сыныптар – 70 пайыз, ал орыс тілінде оқытылатын сыныптар – шамамен 30 пайыз ғана. Яғни, оқыту жүйесінде қазақ тілінің басымдығы айқын. Бұрынғыдай Ресей өз мектептерін ашу керек пе деген сұрақ туындайды, бірақ бұл қадам ел ішінде қарсылық тудыруы мүмкін", – деді Байділдинов.

Сонымен қатар ол Орталық Азия елдеріндегі жастардың көпшілігі орыс тілін білмейтінін, бұл жағдай Ресейге миграциялық тұрғыдан да әсер етіп жатқанын айтты.

"Қазақстанның оңтүстігінен әрі қарайғы елдерде жастар орысша сөйлемейді. Бұл Ресей үшін де мәселе – мигранттардың сапасы төмендеп барады. Мұның әсерін біз алдағы жылдары анық байқаймыз", – дейді сарапшы.

Байділдинов жеке тәжірибесін мысалға келтірді.

"Былтыр Қытайға ұштым, "Алматы–Үрімжі" рейсімен. Сол рейсте Қытайға бағыт алған түрлі елдің азаматтары болды. Шекарада көргенім – жастар орысша да, қытайша да сөйлей алмайды. Олар онлайн-аудармашы арқылы түсінісіп тұр. Ал қытай шекарашылары керісінше, еркін орысша сөйлейді. Мұндайды көріп таңғаласың", – деді ол.

Сарапшының бұл сөзіне әнші Димаш Құдайберген өткір жауап берді. 

"Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен өзгенің мақұлдауы үшін ұялған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала секілдісің. Қазақша жазбадым, өйткені сен қазақ тілін білмейсің", - дейді Димаш. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар