Түрмеде жазасын өтеп жатқан мыңдаған қазақстандыққа бостандық берілді

Dalanews 11 қаң. 2026 14:17

Қазақстанда Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған амнистия аясында жазасын өтеп жатқан мыңдаған азамат бостандыққа шықты. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz

Комитеттің хабарлауынша, амнистияны іске асыру барысында сот органдары 15 970 ұсынысты қарап шыққан. Нәтижесінде, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылған. Олардың қатарында әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар.

Сонымен қатар, амнистия тек босатумен шектелмей, жазасын өтеу мерзімін қысқартуды да қамтыған. Атап айтқанда, 11 мыңнан астам сотталған азаматтың жаза мерзімі азайтылған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұл шешім гуманизм қағидаттарына сай қабылданып, қоғамға қайта бейімделуге мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асырылған. Амнистияға іліккен тұлғаларға қатысты заң талаптарына сәйкес жеке-жеке тексеру жүргізілген.

Айта кетейік, аталған амнистия елдің негізгі заңы — Конституцияның 30 жылдық мерейтойына орай жарияланған және қылмыстық саясатты ізгілендіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар