Бірнеше өңірде 9-сынып оқушылары жұртты қорқытып келген

Бірнеше өңірде 9-сынып оқушылары жұртты қорқытып келген
ІІМ

Ішкі істер министрлігі жалған жарылыс туралы хабарламалар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрлік мәліметінше, кейінгі уақытта интернет пен әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің жарылыс, өрт және өзге де қауіптер туралы жалған ақпарат тарату дерегі жиілеген.

Алматы облысында терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратты деген күдікпен 9-сыныптың екі оқушысы ұсталған. Тергеу барысында олардың Астана мен Алматы облысында болған осындай 14 жағдайға қатысы бар екені анықталған.

Ал Шығыс Қазақстан облысында 9-сынып оқушысы әлеуметтік желідегі жанжалдан кейін басқа адамдардың атынан Шымкент әкімдігіне және Ақтаудағы сауда орталықтарының біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама жіберген. Оқушылар анонимді телефон нөмірлері мен электрон пошталарды пайдаланған.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдерінің айтуынша, мұндай әрекеттер әзіл ретінде жасалса да, қылмыстық құқықбұзушылық болып есептеледі. Жалған хабарламалар адамдар арасында дүрбелең туғызып, шұғыл қызметтердің жұмысына кедергі келтіреді.

Полиция мұндай қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылғанын атап өтті.