Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 3,6%-ға өсті

Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 3,6%-ға өсті
Фото: istockphoto.com

2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 3,6%-ға өсті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректерінде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, ел экономикасындағы өсімге негізгі үлесті өңдеу өнеркәсібі қосқан. Төрт айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің нақты көлем индексі 102,1%-ды құрады. Ал өңдеу секторындағы өндіріс көлемі бірден 9,9%-ға артқан.

Өңдеу саласында ең жоғары өсім машина жасау өнеркәсібінде тіркелді. Бұл сектор 23,3%-ға ұлғайған. Өсімге көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол жабдықтарын, электр техникасы мен түрлі құрал-жабдықтарды өндіру көлемінің артуы әсер еткен.

Сонымен қатар бірқатар салада айтарлықтай өсім байқалды. Атап айтқанда:

  • жеңіл өнеркәсіп – 2,3 есе;
  • жиһаз өндірісі – 41,7%;
  • фармацевтика – 35,2%;
  • құрылыс материалдарын өндіру – 27,7%;
  • химия өнеркәсібі – 18,4%;
  • азық-түлік өндірісі – 14,4%-ға өскен.

ҰСБ дерегінше, жыл басынан бергі экономиканың оң динамикасы базалық салалардағы тұрақты өсім есебінен қалыптасқан.

Ең жоғары өсім қарқыны мына салаларда тіркелді:

  • құрылыс – 14,5%;
  • көлік және қоймалау – 12%;
  • өңдеу өнеркәсібі – 9,9%;
  • сауда – 5,1%;
  • ауыл шаруашылығы – 3,6%.

Осылайша, қазіргі экономикалық өсім құрылымында шикізаттық емес секторлардың рөлі күшейіп келеді. Әсіресе құрылыс, көлік, сауда және өңдеу өнеркәсібі экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр.