Қазақстандықтар алдағы уақытта Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжанда өз банктерінің мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен төлем жасай алады. Бұл елдер арасында ұлттық QR-төлем жүйелерін біріктіру жоспарланып отыр. Жобаның тетігі 2026 жылдың соңына дейін әзірленбек, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады. Тәжікстанда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан орталық банктері өкілдерінің төлем жүйелерін бірлесіп дамыту мәселесіне арналған төртінші өңірлік кездесуі өтті.
Жиында Қазақстанның ұлттық QR-төлем жүйелерін өзара біріктіру туралы ұсынысы қолдау тапты. Тараптар 2026 жылдың соңына дейін тиісті тетікті әзірлеуді жоспарлап отыр.
Жоба жүзеге асса, аталған бес елдің тұрғындары шетелде тауарлар мен қызметтердің ақысын өз банктерінің үйреншікті мобильді қосымшасы арқылы төлей алады. Сондай-ақ бір елден екінші елге ақшаны лезде аудару мүмкіндігі қарастырылады.
Кездесу барысында қатысушылар төлем жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, оларды кибершабуылдардан қорғау мәселелерін де талқылады.
Бұдан бөлек, төлем жүйелерін қадағалауда жасанды интеллект, SupTech және RegTech технологияларын қолдану, сондай-ақ алаяқтықпен күресудің өзекті тәсілдері қаралды.