Каппадокияда жартас опырылып, екі адам қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Түркияның орталық бөлігіндегі туристер жиі баратын Каппадокия аймағында, ашық аспан астындағы Гөреме музейі маңында жартас опырылып, екі адам қаза тапты, тағы бес адам жарақат алды. Оқиғаға нөсер жауын мен топырақ шайылуы себеп болуы мүмкін.
Қазір мамандар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Алдын ала болжам бойынша кейінгі күндері жауған нөсер жаңбыр топырақты шайып, салдарынан жартастың бір бөлігі опырылған болуы мүмкін.
Айта кетейік, құлаған жартас Каппадокияға тән биік, конус тәрізді "ертегі мұржалары" деп аталатын табиғи түзіліс қатарына жатады. Олар жанартау жыныстарының ұзақ уақыт бойы жел мен су әсерінен мүжілуі нәтижесінде пайда болған. Бұл түзілістер - өңірдің басты көрікті орындарының бірі.