Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап емханаларда жұмыс істейтін учаскелік медицина мамандарының жалақысын 40%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесіндегі кадрлық әлеуетті нығайту және медицина қызметінің тартымдылығын арттыру үшін учаскелік мамандарға сараланған қосымша ақы енгізу ұсынылғанын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, қосымша төлем мамандардың үздіксіз еңбек өтілі мен психоэмоционалдық жүктемесін ескере отырып есептеледі.
Сонымен қатар Қазақстан өңірлерінде 70-ке жуық жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр. Олардың қатарында аудандық ауруханалар, жедел жәрдем станциялары мен қан орталықтары бар.
Жоспарға сегіз перинаталдық орталық, жеті көпбейінді балалар ауруханасы, Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы және балалар хирургиясы орталығы кіреді. Бұдан бөлек, Ұлттық балаларды оңалту орталығының бес өңіраралық филиалы мен 25 амбулаториялық-емханалық нысан салу көзделген.
Министрдің мәліметінше, жобаларды іске асыру нәтижесінде жалпы ауданы шамамен 1,8 млн шаршы метр болатын медициналық инфрақұрылым салынып, жаңартылады. Стационарлардағы төсек-орын саны 9,2 мыңға артып, қолданыстағы төсек қоры жаңғыртылады.
Сондай-ақ амбулаториялық көмек көрсету қуаты бір ауысымда 5,3 мыңнан астам қабылдауға ұлғаяды.