Кассациялық сот Шымкент қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасовқа қатысты 12 жылға бас бостандығынан айыру үкімінің күшін жойды. Іс алқабилердің қатысуымен өткен сот талқылауында елеулі заң бұзушылықтарға жол берілуіне байланысты қайта қарауға жіберілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Адвокат Жасұлан Асылбековтің айтуынша, кассациялық сот алқабилердің дауыс беру тәртібі мен олардың қарауына ұсынылған сұрақтардың тұжырымдалуынан заң бұзушылықтарды анықтаған. Қорғаушы тараптың мәлімдеуінше, сұрақтар күрделі заң терминдерімен жазылып, тіпті сот процесіне қатысушыларға да түсініксіз болған.
Nege.kz мәліметінше, 2025 жылғы қазанда алқабилер Манат Сарбасовты пара алды, қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды және қызметтік міндетін тиісінше орындамады деп таныған еді. Бірнеше қылмыс бойынша оған түпкілікті 12 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал алаяқтық және пара беруге итермелеу секілді басқа айыптар бойынша ол ақталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Сарбасов жекеменшік мектепке қолдау көрсеткені үшін кәсіпкерден 70 миллион теңге алған. Кейін бұл қаражатты жылжымайтын мүлік сатып алу және одан табыс табу арқылы заңдастырды деген айып тағылған.
Сондай-ақ ол медициналық жабдық сатып алу кезінде 92 миллион теңгеден астам қаражаттың жымқырылуына жол беріп, қызметтік әрекетсіздік танытты деп айыпталған. Аталған эпизодтар бұрынғы шенеуніктер мен кәсіпкерлер де жауапқа тартылған қылмыстық істің бір бөлігі болған.