Астанада Nomadgames және Sultangames заңсыз интернет-казиноларының жұмысын қамтамасыз етті деген күдікке ілінген адамдарға қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ойыншылардан ақша қабылдау үшін төлем ұйымдары, банк жүйелері мен криптовалюта құралдары пайдаланылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам операция жүргізілген. Ал жалған келісімшарт арқылы бір компанияның шотына 10 млрд теңге аударылып, кейін криптовалютаға айырбасталған. Күдіктілердің криптоәмияндары арқылы 19 млн USDT көлемінде актив қозғалған.
Сот шешімімен үш пәтерге, алты автокөлікке, криптоактивтер мен банк шоттарындағы қаражатқа тыйым салынды. Мүліктің жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайды.
Үш күдікті қамауға алынып, тағы үшеуіне кепіл қолданылды. Екі адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.