Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Энергоның» басшысы қызметінен босатылды

Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Энергоның» басшысы қызметінен босатылды
UKIMET

Қазақстанда энергетикалық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуын бақылау күшейтіледі. Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтов бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, тиісті қорытынды шығармағанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, жаңа энергетикалық қуаттарды салу және пайдалануға беру мерзімдерін бақылау мәселесі бойынша Мақсұтовқа бірнеше рет ескерту жасалған. Алайда ол тиісті қорытынды шығармаған. Осыдан кейін Мемлекет басшысы қатаң сын айтып, тиісті шешім қабылданған.

Қайрат Мақсұтов 28 қазанда қызметінен босатылды.

Бектенов Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қорына жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеуді тапсырды.

Сонымен қатар жыл соңына дейін Энергетика министрлігі мен қор 2035 жылға дейінгі Қазақстанның энергетикалық теңгерімін қайта қарауы керек. Жаңартылған құжатта «таза» көмір технологияларын қолдану, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және 2027 жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастау жоспарлары ескерілуі қажет.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» қорына Атом энергиясы жөніндегі агенттікпен бірлесіп, болашақ атом электр станцияларына арналған уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру тапсырылды.