Қарағанды тұрғыны Алматыда өткен концертке пайдаланылмаған билетінің құнын қайтаруды және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруді талап етіп, сотқа жүгінді. Алайда сот оның талабын қанағаттандырмады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел 2025 жылғы 21 маусымда Алматыда өткен концертке үш билет сатып алған.
Концерт қарсаңында ол туысының жарақат алуына байланысты бір билеттің ақшасын қайтаруды сұрап, ұйымдастырушыға жүгінген. Алайда өтініші қанағаттандырылмаған.
Осыдан кейін әйел концерт ұйымдастырушысына қарсы сотқа талап арыз түсіріп, билет құны ретінде 40 мың теңге және моральдық зиян үшін 15 мың теңге өтемақы өндіруді талап еткен.
Сот материалдарын зерделеу барысында туысының жарақат алуы билетті талап қоюшының өзі немесе басқа адам пайдалана алмайтынын дәлелдемейтіні анықталған. Сондықтан ұйымдастырушыға билет құнын қайтару міндетін жүктеуге негіз жоқ деген шешім қабылданған.
Жауапкер талап арызды мойындамаған. Оның өкілі концерттің өткенін және билетті қайтару туралы өтініш белгіленген мерзімді бұза отырып берілгенін алға тартқан.
Соттың түсіндіруінше, жауапкер ұйымдастырған ойын-сауық іс-шараларында тұтынушылардың мінез-құлық қағидаларының 14-тармағына сәйкес, концертке үш жұмыс күнінен аз уақыт қалғанда, сондай-ақ іс-шара кезінде және одан кейін билеттер қайтарылмайды.
Алайда тұтынушы ауырған немесе оның отбасы мүшесі не жақын туысы қайтыс болған жағдайда ерекшелік қарастырылған.
Бірінші сатыдағы сот әйелдің талабын қанағаттандырудан бас тартқан.
Бұл шешіммен келіспеген талап қоюшы апелляциялық шағым түсірген. Алайда Қарағанды облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы алғашқы сот шешімін өзгеріссіз қалдырып, апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.