Алматы облысында балаларға заңсыз діни сабақ өткізген азамат жауапқа тартылды

Алматы облысында балаларға заңсыз діни сабақ өткізген азамат жауапқа тартылды
Алматы облыстық дін істері басқармасы

Алматы облысының Жамбыл ауданында кәмелетке толмаған балаларға заңсыз діни сабақ өткізген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Облыстық Дін істері басқармасының мәліметінше, биыл 21 қазанда Ұзынағаш ауылында түскен жедел ақпаратты тексеру мақсатында ювеналдық полиция, жергілікті полиция қызметі, прокуратура, облыстық Дін істері басқармасы, сондай-ақ ішкі саясат және білім бөлімдерінің өкілдері бірлескен рейд жүргізген.

Тексеру барысында деструктивті діни ағымды ұстанушы А. есімді азаматтың жеке меншік нысанында кәмелетке толмаған балаларға араб тілі мен Құраннан заңсыз сабақ өткізіп келгені анықталған.

Оқиға орнына білім бөлімі мен мектеп әкімшіліктерінің үйлестіруімен оқушылардың ата-аналары шұғыл түрде шақырылған.

Құқықтық бағалау нәтижесінде балаларға заңсыз діни дәріс өткізген азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 1-бөлігі 1-тармағына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін ата-аналарға ӘҚБтК-нің 127-бабы аясында ескерту берілді.

Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасатынын ескертті.