+36 градустық ыстықта ұшақта 45 минут отырған қазақстандық FlyArystan-ды сотқа беріп, өтемақы өндіріп алды

+36 градустық ыстықта ұшақта 45 минут отырған қазақстандық FlyArystan-ды сотқа беріп, өтемақы өндіріп алды
ашық дереккөз

Қазақстандық заңгер Аблай Байтенов FlyArystan әуе компаниясынан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп алды. Бұған жолаушылардың кондиционері қосылмаған жабық ұшақ ішінде 45 минутқа жуық уақыт отыруға мәжбүр болғаны себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 9 шілдеде Шымкент – Алматы бағытындағы рейсте болған. Байтеновтің айтуынша, жолаушыларды ұшаққа сағат 17:00 шамасында отырғызғанымен, әуе кемесі уақытында ұшпаған. Сол кезде Шымкентте ауа температурасы +36,2 градусқа дейін жеткен.

Заңгер сотқа жүгінген. Ол дәлел ретінде смартфонға түсірілген бейнежазбалар мен «Қазгидромет» деректерін ұсынуды жоспарлаған.

Байтеновтің сөзінше, әуе компаниясы өз тарапынан ешқандай заңбұзушылық болмағанын алға тартқан.

Алайда бірінші сатыдағы сот жолаушының уәжін қолдады. Сот FlyArystan-нан моральдық зиян үшін өтемақы өндіріп, сонымен қатар сот шығындарын толық өтеуді міндеттеді.