Алматы мен Астанада жолақысы 500 теңге болуы керек — сарапшы

Қаракөз Амантай 13 қаз. 2025 09:26

Қоғамдық көлікке бөлінетін мемлекеттік субсидиялар тиімсіз әрі жемқорлыққа жол ашады. Мұндай пікірді экономист-сарапшы Олжас Байділдинов білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Петропавлда тасымалдаушыларға субсидия үш жылдан бері төленбей келеді, ал жолақының өзін-өзі ақтайтын құны кемінде 345 теңге болуы тиіс.

"Мен бұл мәселені бұрыннан айтып келемін. Автопарктерге бөлінетін субсидиялар жүйесі тұманды, жемқорлыққа бейім, әрі сапа тұрғысынан ешқандай нәтиже бермейді", — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, Астана мен Алматыда қоғамдық көлік жолақысы 500 теңге шамасында болуы тиіс. Бұған дейін мәслихат сессияларында 450 теңге көлеміндегі өзіндік құн да аталған.

"Мысалы, былтыр Алматыда автобус тасымалына 200 миллион доллар субсидия бөлінді. Бірақ одан сапа жақсарды ма?" – дейді ол.

Сарапшы бұл салаға нарықтық баға мен ашық бәсекелестік енгізу қажет екенін айтады.

"Үш аялдама жүрген адам мен бір жарым сағат жол жүрген жолаушының бірдей төлеуі экономикалық тұрғыдан қисынсыз. Жолақы қашықтыққа қарай есептелуі керек", - деп қосты Байділдинов.

Оның айтуынша, мемлекеттік субсидиялардан бас тарту және тарифтерді нарыққа жіберу қоғамдық көлік жүйесін сауықтырудың жалғыз жолы.

"Мысал ретінде Үндістанның Дели қаласын алайық. Онда метро мен LRT жолақысы 20–70 рупий аралығында (шамамен 140–470 теңге)", - деп түйіндеді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар