Шымкентте есірткіге тәуелді жеті адам емделуден бас тартқаны үшін айыппұл төлейді

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2025 18:33

Шымкент қаласында есірткі қолданғаны үшін арнайы есепте тұрған жеті азамат дәрігерлердің ескертуіне қарамастан міндетті тексеруден және ем қабылдаудан бас тартқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Прокуратураның бастамасымен олардың әрқайсысына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 429-бабы, 2-бөлігі бойынша 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынды. Енді бұл азаматтар тұрақты түрде медициналық бақылаудан өтіп отыруы тиіс.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, нашақорлықпен күрес және профилактикалық шаралар ерекше бақылауда тұр.

Есірткі заттарын қолданған адамдар алғашқы алты ай бойы ай сайын, ал кейін тоқсан сайын кемінде бір рет дәрігерлік тексеруден өтуге міндетті. Бұл талап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген.

Қадағалау органы азаматтарды ем қабылдау мен медициналық тексеруден өтуді кешіктірмеуге және өз денсаулығына салғырт қарамауға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар