Алматыда блогер Ілияс Сариев пен «MM Travel» туристік компаниясының директоры Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақпарат мәліметінше, тергеу деректеріне сәйкес, олардың әрекеттеріне байланысты 26 қылмыстық эпизод анықталған.
Сотта Дүйсееваның туыстары бір жәбірленушіге келген залалды толық өтегені, ал Сариев екі адамға келтірілген зиянның бір бөлігін қайтарғаны белгілі болды. Жалпы өтелген сома 33,5 миллион теңгеден асты.
Сариевтің қорғаушысы соттан жәбірленушілердің видеосы бар телефонды зерттеуді сұрады. Іс бойынша келесі отырыс 30 қазанда өтеді, содан кейін процесс сөз жарысына өтуі тиіс.
Айта кетейік, MM Travel ісі бойынша 20 адам зардап шеккен. Ақтоты Дүйсеева өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушілердің шығынын жарты жыл ішінде өтеуге уәде берді.
Қазір Ілияс Сариев пен Ақтоты Дүйсееваға ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (“Алаяқтық”) бойынша айып тағылған.
Бір кездері елге қамқор, әділ әрі мейірімді азамат ретінде танылған Ілияс Сариевтің бұл қылығы қоғамда үлкен резонанс пен ашу-ыза туғызды. Сот процесі жұрт назарында өтіп жатыр.