Қарағандыда полицейлер жасанды интеллекті бар камераларды қолдана бастаған

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2025 15:31

Қарағандыда полицейлер жасанды интеллекті бар камераларды қолдана бастаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, оқиғаларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін интеллектуалды бейнеаналитика жүйесін пайдалана бастаған. Бүгінде Қарағанды қаласында жасанды интеллект элементтері бар 60 камера жұмыс істейді.

Олар адамдар көп жиналатын орындарға – аялдамаларға, "Сарыарқа" әуежайына және теміржол вокзалдарына орнатылған. Жүйе азаматтардың жүзін танып, агрессивті мінез-құлықты, адамдардың шамадан тыс жиналуын және өзге де күмәнді жағдайларды автоматты түрде тіркейді. Қажет болған сәтте камералар жедел қызметтерге бірден дабыл жібереді.

"Жыл басынан бері бейнеаналитика жүйесінің көмегімен 49 құқық бұзушы анықталып, ұсталды", - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Мәселен, вокзал аумағындағы камера пробациялық бақылауда жүрген және сот шешіміне қарамастан Павлодар облысынан кетіп қалған ер адамды анықтаған. Ал тағы бір жағдайда – алимент төлеуден жалтарып жүрген Қостанай облысының тұрғыны ұсталды. Полиция департаментінің баспасөз қызметі атап өткендей, жасанды интеллект элементтері бар технологияларды пайдалану профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттырып, өңір тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар