“Айғақтарды әдейі өшірген”. Әскерде қаза тапқан сарбаздың анасы әділ тергеуді талап етті

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2025 14:41

Екі жыл бұрын Ұлттық ұланның 6636 әскери бөлімінде борышын өтеген 21 жастағы Қайсар Сұлтанов жұмбақ жағдайда көз жұмған еді. Ресми нұсқада оның өз-өзіне қол жұмсағаны айтылған. Алайда марқұмның анасы Сәуле Тілеубергенова бұл мәліметке сенбейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қайсар өмірге құштар, көңілді жігіт еді. Әскерге өз еркімен барды. Өлерінен бір күн бұрын демалысқа сұрап алып шықтым, көңілді болды. Ешқандай белгі болған жоқ. Ал келесі күні оның денесін көрсетті. Тергеушілер бұның суицид екенін айтты. Бірақ дәлел жоқ. Іс үш рет жабылды. Мен үндемей отыра алмадым”, – дейді Сәуле Тілеубергенова.

Марқұмның анасы өз бетінше тәуелсіз сараптама тағайындаған. Айтуынша, алғашқы оқтан кейін Қайсардың тірі қалуы мүмкін емес. Бірақ ресми материалдарда оның алты минуттан соң тағы бір рет оқ атқаны жазылған.

“Бейнежазбалар жойылған. Сараптама дискіге өзгеріс енгізілгенін дәлелдеді. Бұл айғақтарды әдейі өшірген. Ұлым бір нәрсеге куә болған сияқты. Сол үшін оның үнін өшірді”, – дейді анасы.

Оның сөзін отбасының заңгері Инга Иманбай да растады.

“Қайсардың ісі қайта қаралуы тиіс. Адам өз басынан екі рет ата алмайды. Бұл – айқын кісі өлтіру. Тек кінәліні емес, дәлелдерді жойғандарды да табу керек. Қайсардың қаны сүртілді, бейнежазбалар өшірілді. Бұл – нағыз қылмысты жасыру әрекеті”, – дейді ол.

Қазір іс қайта қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Бірақ анасы істің тағы жабылып қалуынан қауіптенеді.

“Біздің елімізде әділдік іздеу тым қиын. Егер әскерге министрлер мен шенеуніктердің балалары барса, мұндай жағдай болмас еді. Мен шындық ашылғанша тынбаймын”, – дейді Сәуле Тілеубергенова.

Еске салайық, Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың қазан айында 6636 әскери бөлімінде борышын өтеп жүргенде қаза тапқан. Ол Қарағандыдағы университетті бітіріп, заңгер болуды армандаған.

Билік 9 қазан күні 6636 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Қайсар Сұлтановтың әскери қалашықты күзету кезінде түнгі уақытта өз бекетінде басынан оқ жарақатын алған күйінде табылғанын хабарлаған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар