“Орыс және ағылшын тілдері жеткілікті”. Қазақстандық клубтың бас бапкері қазақ тілін үйренуден бас тартты

Қаракөз Амантай 16 қаз. 2025 15:48

Хоккейден “Барыс” клубының бас бапкері Михаил Кравец қазақ тілін үйрену ойында жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Матчтан кейінгі баспасөз жиынында Caravan.kz журналисі бапкерден:

"Астанаға келгеніңізге бірнеше ай болды, қазақ тілін үйреніп жүрсіз бе?" — деп сұрақ қояды.

Алайда бапкердің жауабы көпшілікті таңғалдырды.

“Мұнда бәрі орысша сөйлейді, ағылшын тілі де бар. Мен үлгермеймін. Онда қытай тілін де үйренуім керек шығар. Орыс және ағылшын тілдері жеткілікті деп ойлаймын, бәрі түсінеді ғой”, — деді Михаил Кравец.

Бапкердің бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды. Әсіресе Threads желісінде қазақстандықтар оны сынға алған жазбалар бірінен соң бірі жарияланды.

Бірі шетелдік маманды қазақ тілін үйренгісі келмегені үшін жұмыстан босатуды ұсынса, енді бірі Кравец елге тіл үйрену үшін емес, кәсіби міндетін орындау үшін келгенін айтады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар