Жыл басынан бері Қазақстанда 139 бала өз-өзіне қол жұмсаған

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2025 12:36

Жыл басынан бері Қазақстанда 139 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Ал жалпы осы жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында 432 суицид жағдайы тіркелді. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың басым бөлігі тұрмысы жақсы, толық отбасында өскен.

"Біз жан-жақты талдау жүргіздік. Ең алдымен балалардың қандай отбасында тәрбиеленгенін, өмір сүру жағдайларын қарастырдық. Нәтижесінде өз-өзіне қол жұмсаған кәмелетке толмағандардың 62 пайызы толық және материалдық жағдайы жақсы отбасында тұрғаны анықталды", – деді Санжар Әділов.

Балалардың өміріне нүкте қоюына түрлі себептер әсер еткен: махаббат, үйдегі жанжал, ата-ананың тыйымдары, мектептегі қиындықтар.

"Біз олардың жазып қалдырған хаттарын да зерттейміз. Бұл жеке мәселе екенін түсінеміз, бірақ ол хаттар өлімнен кейінгі сот-психиатриялық сараптама тағайындауда және әрекеттің себебін анықтауда қолданылады. Негізгі себеп – отбасындағы түсініспеушілік, ол көбінесе суицидке итермелейтін басты фактор", – деді ол.

Ішкі істер министрінің орынбасарының айтуынша, профилактикалық шараларға қарамастан, балалар арасындағы суицид деңгейі әлі де жоғары. Осыған байланысты ІІМ оқу-ағарту және денсаулық сақтау министрліктеріне бұл мәселеге басымдық беруді ұсынған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар