Алматы қаласындағы облыстық балалар үйін Конаев қаласына көшіру туралы биліктің шешіміне қоғам белсенділері мен тәрбиеленушілер тағы да қарсылық білдірді. Бұл жолы олар Алматыда арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, өз уәждерін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz KazTAG сайтына сілтеме жасап.
Қоғам белсендісі Юлия Нестерова жаңа мекенжайдың қолайсыздығын нақты дәлелмен түсіндірді.
"Бізде аэротүсірілім бар — балалар үйінің жаңа орналасатын жері батпақтың үстінде орналасқанын анық көрсетіп тұр. Бұрынғы мекен 10 гектар жерді алып жатқан, оған қоса ұмыт қалған демалыс орны бар — тағы 7,5 гектар. Ал енді балаларға бар болғаны 2 гектар ғана жер берілмек. Оның өзі батпақты жерде. Бұл әділдік пе? Бұрынғы жер Алматының "алтын шаршы" деп аталатын қымбат ауданында орналасқан. Ал қазіргі ғимарат апатты деп айтылып жүргенімен, бұл жалған ақпарат. Балалар үйінен тәрбиеленушілерді шығарып жіберген, ал ғимаратта ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ", — дейді ол.
Нестерованың айтуынша, жаңа ғимараттың төңірегі қауіпті — батпақ пен қамыстың ортасында орналасқан.
"Қонаевта жыл сайын қамыс өртенеді. Ал ондағы балалардың ішінде мінезі күрделі, тәртібі қиын балалар бар. Олар қашып кетіп, батпақта батып кетуі де мүмкін. Бірақ бұл қауіп туралы ешкім ойлап жатқан жоқ", — деп алаңдаушылық білдірді қоғам белсендісі.
Сонымен қатар балалар үйінің басқа қалаға көшірілуі онда тәрбиеленіп шыққан түлектерге де ауыр тиеді. Қазір көптеген түлек жазғы демалыс кезінде колледж немесе университет жатақханалары жабылғанда, қайтадан балалар үйіне келіп паналайды.
"Егер балалар үйі жабылса, бұл түлектер қайда барады? Олар үйсіз қалуы мүмкін. Көпшілігінің отбасылық баспанасы жоқ, ал алатын шәкіртақысы 40 мың теңге ғана", — дейді Нестерова.
10 шілдеде ресми түрде КММ "Арнаулы әлеуметтік қызметтерді қажет ететін балаларды қолдау облыстық орталығының" жаңа мекенжайға ауыстырылғаны туралы бұйрық шықты. Құжатқа сәйкес, балалар үйі Конаев қаласы, Қонаев даңғылы 33/4 мекенжайына көшіріледі.
Балалар үйінің әкімшілігі мен тәрбиеленушілер бұл шешімге қарсы шығып, прокуратура мен Алматы қаласы әкімдігіне, Білім министрлігіне, Бала құқықтары жөніндегі уәкілге және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне ресми арыз жолдаған. Олар балалардың құқығын қорғауды, балалар үйінің қазіргі орнында қалуын, ғимарат пен демалыс аймағына күрделі жөндеу жүргізіп, әлеуметтік мақсатты сақтауды, сондай-ақ бұл мекемеге «үлгілі балалар үйі» мәртебесін беруді сұрайды. Өйткені бұл мәртебе қосымша қолдау мен мемлекеттік бақылау мүмкіндігін береді.