Тұрсынбек Қабатов қазақстандықтарға үндеу жасады

Тұрсынбек Қабатов қазақстандықтарға үндеу жасады
Тұрсынбек Қабатов. Фото: ашық дереккөзден

Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов жылыту маусымының басталуына байланысты қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады. Өнер иесі көміртек тотығынан уланудың алдын алуға шақырып, әр үйде арнайы газ датчигі болғаны дұрыс екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әзілкеш бұл туралы Павлодар қаласында жүрген кезінде айтқан. Оның сөзінше, күн суыта бастағандықтан, жеке тұрғын үйлердің тұрғындары пеш жағып, баспаналарын жылытуға кіріскен.

Алайда жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау ауыр жағдайларға әкелуі мүмкін.

Тұрсынбек Қабатов әсіресе көмірмен жылытылатын үйлерде сақтық шараларын күшейту керектігін ескертті.

"Мен қазір Павлодар қаласындамын. Қыс басталып жатыр. Газ әлі келмеген, көмір жағып отырған көп жер үй бар. Улы түтіннің кесірінен өмірден өтіп кеткен отбасылар да кездеседі. Қауіптің алдын алу үшін абай болыңыздар. Улы түтіннен, бәле-жаладан сақтасын сіздерді. Манадай аппарат шыққан екен. Үйлеріңізге қойып қойсаңыздар болады", – деді әзілкеш.

Өнер иесі тұрғындарға улы газды анықтайтын арнайы құрылғы орнатуға кеңес берді.

Оның айтуынша, мұндай аппарат қауіпті жағдай туындағанда дыбыстық белгі беріп, үйдегі адамдарды, соның ішінде ұйықтап жатқандарды да ескерте алады.