Министр Ербол Мырзабосынов шахматшыларды тарихи жеңісімен құттықтады

Ақтоты Жапатова 15 шіл. 2025 19:45

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 11-15 маусым күндері Лондонда Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) аясында өткен блиц шахматтан командалық әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелерімен кездесті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жылдам және блиц шахматтан ұйымдастырылған командалық әлем чемпионатына әлемнің түкпір-түкпірінен 52 команда қатысты. Қазақстан құрамасы дүбірлі додада үздік нәтиже көрсетіп, командалық есепте күміс жүлдені иеленді. Сонымен қатар жекелей сында 6 жүлде, оның ішінде 2 алтын медаль жеңіп алды.

Кездесу барысында министр Қазақстан командасының жетістігін тарихи оқиға деп атап, отандық шахмат мектебінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші екенін айтты.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді. Сіздердің бұл жеңістеріңіз – жеке жетістік емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін зор мақтаныш. Сіздер елімізді әлемнің үздік шахмат ұжымдарымен терезесі тең екенін дәлелдедіңіздер», – деді Ербол Мырзабосынов.

Халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, жоғары спорттық жетістіктерге қол жеткізгені үшін гроссмейстер, KazChess командасының мүшесі Дармен Садвақаcов, команда капитаны әрі күміс жүлдегер Гүлмира Дәулетова, сондай-ақ спортшылар Алдияр Ансат, Елназ Қалиахмет және Ислам Айтен алғыс хаттармен марапатталды. Ішкі ережеге сәйкес, жоғары нәтижелер көрсеткен спортшыларды қолдау және ынталандыру мақсатында олардың әрқайсысына ақшалай сертификаттар табысталды. Шахмат спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

«Кез келген жетістік – бұл жай ғана спорттық нәтиже немесе жеке жеңіс емес, мемлекеттің жүйелі қолдауының нақты көрінісі екенін жақсы түсінеміз. Біз бұл қолдауды әр кезеңде сезініп келеміз: балалар шахматын дамытудан бастап, елімізде ірі халықаралық турнирлерді ұйымдастыруға дейін. Бұл бізге ерекше серпін береді, жігерлендіреді әрі алдағы биік мақсаттарды айқындауға жол ашады», – деді Тимур Турлов.

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында отандық шахматшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарда 81 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 34-і – алтын, 21-і – күміс, 26-сы – қола. Бұл – елімізде шахмат спортын дамыту ісі жүйелі жүргізіліп жатқанын және еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын айқын көрінісі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар