Астанада зират аумағынан құлпытастар мен темір қоршаулардың жоғалуына байланысты полиция заңсыз металл қабылдау орнын анықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, белгісіз адамдар зират аумағындағы металл конструкцияларды еркін кіріп, алып кеткен. Зираттағы мүліктің жоғалғанын байқаған марқұмдардың туыстары полицияға шағымданған.
Тексеру барысында құқық қорғау органдары рұқсатсыз жұмыс істеген жасырын металл қабылдау пунктін тапты. Оқиға орнынан қоршаулар, құлпытас ескерткіштері, кресттер және темір үстелдер табылған.
Полиция мәліметінше, заңсыз металл қабылдауға 38 жастағы ер адам қатысы болуы мүмкін. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта зират аумағынан конструкцияларды тікелей әкеткен адамдарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
