Атырау облысы прокуратурасы Жангелдин ауылындағы бір отбасының өліміне қатысты жаңа мәліметті жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомство өкілдері тергеу барысы туралы айтты.
"Күдікті Ақбаян Мұқанғалиеваға Алматы қаласындағы сот сараптамалары институтында стационарлық кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындалған болатын, оның қорытындысы дайын емес. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке жүргізілген сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес ол өз әрекетіне есеп бере алады, тергеу әрекетіне қатысуға қабілетті", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, 2025 жылы желтоқсанда полицияға Атырау облысы Жангелдин ауылында 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел, сондай-ақ, олардың балалары - 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен.
Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуі де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды. Кейін төртеуі де өлі табылды. Бұл іс бойынша күйеу балалары - күдікті.
