Қазақстанда банктер арасындағы төлемді жеңілдететін бірыңғай QR-код жүйесін енгізу мерзімі нақтыланды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, жүйені іске қосуды көздейтін заң нормалары мен қаулылар 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Осы уақытқа дейін барлық банк аталған жүйеге қосылып үлгеруі тиіс. Қазір қаржы ұйымдары тиісті келісімдерге қол қойып, техникалық дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
"Бұл жүйенің тезірек іске қосылғанын қалайтыным рас. Бірақ мұнда асығыстыққа жол жоқ. Себебі бұл - криптография мен цифрлық қауіпсіздікке негізделген күрделі процесс. Әртүрлі банк арасында төлемге қатысты деректер алмасады, оның ішінде жеке мәліметтер де бар. Сондықтан ең алдымен толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз керек. Әйтпесе тиімді жоба үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Сол себепті біз бұл істі байыппен жүргізгіміз келеді", - деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы белгіленген мерзімге дейін талап орындалмаса, банктерге жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін ескертті.
