Qarmet компаниясы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, Қытай нарығына көмір концентратын жеткізуді бастады, деп хабарлайды Dala News.
Серіктес ретінде 1988 жылы құрылған China National Fuel Corporation Limited (CNF) корпорациясы қатысады. Бұл компания кокстелетін көмірді және тозаңды көмірді жеткізумен, сондай-ақ мыс рудасы, темір рудасы және күкірт тасымалымен айналысады.
Жеткізілетін өнім кокстелетін көмір санатына жатады және металлургияда кокс өндіру үшін пайдаланылады — бұл домна процесінің негізгі компоненті. Дәл осы кокс темірді кеннен бөліп алуды қамтамасыз етіп, домна пештерінің тұрақты жұмысын ұстайды және шойын мен болат өндірудің өзіндік құны мен тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Жаңа экспорттық бағыттың іске қосылуы тек сату нарығын кеңейту тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар Qarmet өндірістік қуаттарының тұрақты жүктелуі үшін де маңызды. Көмір концентратының тұрақты жеткізілімдері компания шахталары мен байыту фабрикасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, көмір өндіруден бастап оны металлургияға дайындауға дейінгі өндірістік тізбектің тұрақтылығын сақтайды.
Бұл ірі металлургиялық және өнеркәсіптік нарықта сұранысқа ие стратегиялық өнім және көмір дивизионының тұрақты жүктемесін қамтамасыз ететін перспективалы бағытты қалыптастырады.
«Жасалған келісім аясында К+КЖ маркалы көмір концентратымен алғашқы тәжірибелік теміржол бағыты Достық – Алашанькоу шекара өткелі арқылы ұйымдастырылды. Алғашқы жөнелту сәуір айында жүзеге асырылды: Қытайға көлемі 4,3 мың тоннадан астам құрам жіберілді. Жүк қабылдау станциясына жетті. Қазіргі уақытта көмір концентраты тұтынушыға тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізу үшін берілді. Олардың нәтижесі ынтымақтастықты кеңейту және Қытай кәсіпорындарына жеткізілім көлемін айына 40 мың тоннаға дейін кезең-кезеңімен арттыру үшін негіз болады», — деп атап өтті компания өкілдері.
Qarmet үшін бұл жай ғана бір реттік жеткізілім емес, экспорттық бағытты дамытудағы және сыртқы нарықтардағы позицияны нығайтудағы маңызды қадам. Әлемдегі ең ірі металлургиялық шикізат тұтыну орталықтарының бірі — Қытай нарығына шығу ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға, клиенттік портфельді әртараптандыруға және байыту фабрикасының өндірістік қуаттарын тұрақты жүктеуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Жобаның жүзеге асуы компанияның жеткізу географиясын кеңейту және халықаралық кооперацияны дамыту жөніндегі стратегиялық бағытын растайды. Бұл Qarmet-тің ТМД елдерінде ғана емес, алыс шетел нарықтарында да сапалы көмір концентратының сенімді жеткізушісі ретіндегі рөлін күшейтеді.
