Қостанай облысында мемлекеттік қызметшілерге іссапар шығындарын өтеу кезінде жүйелі бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері департаменті мәлім етті. Тексеру нәтижесінде іссапар төлемдері жиі дұрыс есептелмейтіні белгілі болған.
Жалпы 20 дерек тіркелген. Оның 12-сінде артық төлем жасалып, шамамен 319 мың теңге негізсіз төленген. Ал 8 жағдайда керісінше, қызметкерлерге 472 мың теңгеге жуық қаражат толық төленбеген.
Басты мәселе – төлемдердің кешіктірілуі. Мамандар 400-ге жуық жағдайда іссапар шығындары уақытында өтелмегенін анықтаған. Қаражат үш күннен бір айға дейін кешіктірілген.
Осы уақыт аралығында мемлекеттік қызметшілер жол ақысы, тұру және тамақтану шығындарын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болған.
Департамент өкілдерінің айтуынша, іссапар – қызметтік тапсырма болып саналады, сондықтан оған байланысты барлық шығындар толық әрі уақытында өтелуі тиіс. Бұл талаптар «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда және үкімет бекіткен қағидаларда көрсетілген.
Ведомствоның араласуынан кейін қайта есеп жүргізіліп, жетіспеген қаражат толық төленген. Анықталған заңбұзушылықтар жойылған.
Департамент мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.
