Қостанай облысының Меңдіқара аудандық соты И.-ге есімді тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне соқтырды деп айыпталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға 3 қаңтар күні кешке болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, мас күйде болған ер адам қызғаныштан бірге тұрған әйелін аяусыз соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған әйел оқиға орнында көз жұмған.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Прокурор оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленуші тарап өкілі заң аясында жаза тағайындауды өтінді.
Аталған бап бойынша 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондай-ақ мүлкін тәркілеу мәселесі де көзделген.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкінуін және кәмелетке толмаған балаларының барын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ал қылмыстың алкогольдік масаң күйде жасалуы ауырлататын мән-жай деп танылды.
Нәтижесінде сот ер адамды 8 жылға бас бостандығынан айырып, колонияға жіберді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
