Перизат Қайрат прокурорлар артқан айыпты мойындамады

Көркем Алдабергенова 14 шіл. 2025 12:00

Қайырымдылыққа жиналған қаржыны жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайрат прокурорлар артқан айыпты мойындамады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Айыптаулар негізсіз. Тергеу қиялы үшін мен жауапты емеспін. Мен өзіме тағылған айыпты мойындамаймын. Кейін барлық факті бойынша өзімді қорғаймын", деді Перизат Қайрат сотта.

Бұған дейін Перизат Қайраттың жоғары білімі болмағаны анықталғанын хабарлаған едік. Өзін бірнеше рет шетелде жоғары білім алдым деп көрсеткен Перизат Қайраттың шын мәнінде жоғары білімі жоқ екені анықталды. Айыптаушы тараптың мәліметінше, оның тек аяқталмаған орта білімі ғана бар.

Прокурорлардың айтуынша, Перизат Қайрат жұртқа өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсету үшін Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрғанын және отбасымен ет жеткізу ісімен айналысқанын айтқан, алайда бұл ақпараттың бәрі жалған болған.

Айта кетейік, қазіргі таңда Перизат Қайратқа қатысты негізгі сот отырысы басталды.

Сот процесін журналистер тек арнайы ұйымдастырылған баспасөз орталығынан бақылап отыр. Ал сот залында бейнежазба жасауға, тікелей эфир жүргізуге және онлайн көрсетілімге тыйым салынған. Судья Сабыржан Каримов мұны сот барысында құпия ақпараттың жарияланып кету қаупімен түсіндірді.

Еске сала кетейік, Перизат Қайрат қайырымдылыққа бөлінген 3 миллиард теңгеден аса қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар