Ақмола облысында мәслихат төрағасы мен оның отбасына қарақшылық шабуыл жасалды

Қаракөз Амантай 15 шіл. 2025 13:25

Ақмола облысында Астрахан ауданы мәслихатының төрағасы Мейрам Қожахметовтіңотбасына қарақшылық шабуыл жасалды. 2025 жылы 15 шілдеге қараған түні қарулы екі адам шенеуніктің үйіне баса-көктеп кіріп, отбасы мүшелерін тұтқынға алып, үйіндегі құнды заттарын тонап кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл ақпарат әлеуметтік желіде тарады.

Болжам бойынша, бетперде киген екі адам қару ұстап, Қожахметовтің жекеменшік үйіне кіріп келген. Қаскөйлер үй иесі мен оның туыстарын жертөлеге қамап, бөлмелерді тінтіп шыққан. Олар ақша, зергерлік бұйымдар мен көлікті алып, оқиға орнынан іздерін суытқан.

Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректі растады. Ведомство мәліметінше, Астрахан ауылында жасалған қарақшылық шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.

“Қазіргі уақытта күдіктілердің жеке басын анықтау және оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Бұл қылмысты ашу мәселесі департамент басшылығының ерекше бақылауында”, — делінген полиция таратқан ресми хабарламада.

Айта кетейік, мұндай жағдай биыл алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. Бұған дейін 2025 жылы 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке де қарулы шабуыл жасалған еді. Оған бірнеше мәрте оқ атылып, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Шенеунікке сол күні шұғыл ота жасалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар