Ермек Сағымбаев елімізге төнген жаңа қауіптерді атады

Қаракөз Амантай 14 шіл. 2025 12:53

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев елге төнген жаңа қауіптер туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстан терроризм, діни экстремизм, трансұлттық қылмыстық топтар, есірткі саудасы, кибершабуылдар және жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану сияқты көпқырлы және өзара байланысты қатерлерге тап болып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ол ұлттық қауіпсіздік органдары күніне орай Inform.kz агенттігіне берген эксклюзив сұхбатында мәлімдеді.

Сағымбаевтың айтуынша, халықаралық террористік және діни-экстремистік ұйымдар интернет арқылы азаматтарды радикалды идеяларға тартуға тырысып жатыр. Биыл Ақтөбе, Атырау мен Шымкент қалаларында терроризмге шақыру фактілері тіркеліп, бұл қылмыстар үшін кінәлі азаматтар сотталды.

“Жыл басынан бері 59 адам ұсталып, 60 астамы сотталды. Сонымен қатар шетелдік 3,5 мыңға жуық азаматтың елге кіруіне тыйым салынды”, — деді ол.

ҰҚК 246 халықаралық террористі анықтаса, экстремистік көзқарастағы 800-ге жуық мигрантты тіркеген.

Комитет төрағасы терроризмге қарсы күресте бірқатар мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Биыл интернеттен 9 мыңнан астам экстремистік материалдар жойылған. Сондай-ақ елімізде 400-ден астам арнайы жаттығу өткізіліп, 95 мыңнан астам маман даярлықтан өткен. Қостанай облысында “Найза–Антитеррор–2025” республикалық жаттығуы ұйымдастырылып, шартты түрде гибридті шабуылдарға қарсы әрекеттер пысықталған.

Ермек Сағымбаев кибершабуылдар мен жасанды интеллектінің жаңа қауіпке айналып отырғанын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл технологияларды қылмыстық және террористік топтар белсенді түрде қолданып жатыр.

“Киберқауіп, кибершабуылдар, жасанды интеллектті қолдану бүгінде өзекті бағыт. Бұл – біздің қарсыласымыздың жаңа қаруы”, — деді ол.

Оның сөзінше, биыл бастап 400–ден астам антитеррорлық жаттығу өткізген.

“Олар критикалық инфрақұрылым қызметкерлеріне арналған. Шамамен 95 мың адам білім алды. Көктемде Қостанай облысында “Найза–Антитеррор–2025” республикалық тактикалық жаттығуы өтті. “Гибридті” террористік шабуылдарға қарсы әрекеттер пысықталды ”, — деп қосты ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар