Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтегі баспасөз конференциясында Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жоба бірнеше бағыттарды қамтиды: жұмыс істеп тұрған курорттардан бастап жаңа туристік аймақтарды кеңейтуге дейін.
"Алматы таулары - біздің үлкен байлығымыз әрі игілігіміз. Мұндай әдемі таулар, шаңғы тебуге арналған орын әлемдегі санаулы болып табылады. Сонықтан осы әлеуетті тиміді пайдаланғанымыз абзал. Сол себепті біз Алматы тау кластерін дамытатын боламыз. Қазір бізде осындай жоғары деңгейдегі инфрақұрылым тек Шымбұлақта ғана бар, бірақ трассалардың ұзындығы шектеулі, яғни туристерді қабылдау мүмкіндігі де шектеулі. Біз Алматы кластерін кеңейту бойынша үлкен бағдарламаны, жобаны қабылдадық. Ол Талғар тарапынан басталады: Ойқарағай, Бутаковка, Пионер шатқалы, Қимасар, одан әрі Шымбұлақ және Қаскелең бағытында дамиды", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаяу жүргіншілер жолдарын, аспалы жолдарды және сервистік объектілерді қоса алғанда, заманауи тау шаңғысы және туристік инфрақұрылымның құрылысы жоспарлануда.
Премьер-министр Көк-Жайлау шатқалында заманауи тау шаңғысы инфрақұрылымының құрылысы биыл басталатынын атап өтті. Жоба ашық түрде жүзеге асырылады. Бұл арада экологиялық қауіпсіздіктің жоғары стандарттарына ерекше назар аударылатын болады.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақтың Куршевелі: елдегі тау шаңғысы туризмін қалай дамытуға болады?" деген мақала жарияланған болатын.