Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев жұмыс берушілер төлейтін әлеуметтік төлемдердің барлығын бір төлемге біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда шағын кәсіпорындардың бухгалтерлері әр қызметкер бойынша ай сайын жеті-сегіз түрлі төлемді есептеуге мәжбүр. Оның әрқайсысының есептеу базасы, лимиті және төлеу тәртібі әртүрлі.
Осыған байланысты мәжілісмен жұмыс берушінің әлеуметтік салығын, әлеуметтік аударымдарын, МӘМС жарналарын және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бір төлемге біріктіруді ұсынды.
«Қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығын қазіргі күйінде сақтауды орынды деп санаймыз. Сонымен қатар жұмыс берушінің қалған барлық төлемдерін – әлеуметтік салықты, әлеуметтік аударымдарды, МӘМС аударымдарын және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын бірыңғай әлеуметтік төлемге біріктіру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Яғни: бір қызметкер, бір база, бір есеп, бір төлем қағидаты бойынша. Ал түскен қаражатты мемлекет өздігінен бөліп отырады», – деді Бейсенғалиев Мәжіліс отырысында.
Оның пікірінше, еңбекке түсетін шамадан тыс жүктеме бизнестің бір бөлігін көлеңкелі экономикаға кетуге итермелеуі мүмкін.
«Әлемдік тәжірибе белгілі Лаффер қисығының қорытындыларын растайды: еңбекке түсетін шамадан тыс жүктеме түсімдердің артуына емес, жалақының бір бөлігінің көлеңкеге кетуі арқылы салық базасының қысқаруына алып келеді», – деді депутат.
Мәжілісмен мысал ретінде Грузияны атады. Оның айтуынша, бұл елде жалақы қорынан алынатын дәстүрлі аударымдардың орнына 20 пайыздық бірыңғай табыс салығы қолданылады. Сонымен қатар Эстония, Швеция және Сингапурда да бірыңғай әлеуметтік салық жүйесі бар.
Берік Бейсенғалиевтің мәліметінше, Қазақстанда жалақы қорына түсетін жиынтық жүктеме қазірдің өзінде 39,5 пайызға жеткен.
«Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда жалақы қорына түсетін жиынтық жүктеме 39,5 пайызға жетті және алдағы жылдары 41 пайыздан асуы мүмкін. Сонымен қатар жекелеген әлеуметтік төлемдер көлемі өсе береді», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бірыңғай төлем енгізу бизнестің әкімшілік шығындарын азайтып, есептілікті жеңілдетуге және еңбек қатынастарын заңдастыруға ықпал етуі мүмкін.
Осыған байланысты ол Үкіметтен Қазақстан мен ЭЫДҰ елдеріндегі еңбекке түсетін жүктемеге салыстырмалы талдау жүргізуді, оның жаңа жұмыс орындарын құру мен көлеңкелі жұмыспен қамтуға әсерін бағалауды және шағын және орта бизнес үшін бірыңғай әлеуметтік төлем енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.