Елімізде цифрлық активтер айналымындағы күмәнді әрекеттерді әшкерелеуге арналған жаңа жүйе іске қосылмақ. Осы мақсатта Ұлттық криптоаналитика орталығын құру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Орталық криптовалюта қозғалысының бүкіл тізбегін зерттейді. Мамандар цифрлық әмияндар арасындағы аударымдарды, операцияға қатысушыларды, сондай-ақ қаражаттың криптовалютадан дәстүрлі ақшаға және кері бағытта ауысуын қадағалай алады.
Жоба қаржы саласындағы алаяқтыққа қарсы күресті де күшейтпек. Криптоаналитика орталығы Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен ықпалдасып, анықталған деректерді банктермен, құқық қорғау органдарымен және цифрлық активтер нарығында заңды түрде қызмет ететін компаниялармен бөліседі.
Тимур Сүлейменов жаңа тетік криптовалюта нарығына жаппай шектеу енгізу үшін құрылмайтынын атап өтті. Оның негізгі міндеті – қауіп тудыратын нақты операцияны анықтап, шараны соған қатысты қолдану.
"Жеке клиентке немесе белгілі бір операцияға қатысты тәуекел лицензияланған провайдердің барлық шотын бұғаттауға негіз болмауы керек. Шектеу тек күмән туғызған нақты жағдайға қатысты енгізілуге тиіс", – деді Ұлттық банк төрағасы.
Алдағы уақытта Ұлттық банк, Қаржылық мониторинг агенттігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі криптовалюта операцияларын қауіп деңгейіне қарай саралайтын ортақ бақылау тәртібін әзірлемек. Осылайша, құзырлы органдар бүкіл нарықты шектеудің орнына тәуекелі жоғары транзакцияларға басымдық беруді көздеп отыр.