Freedom Inside '26

«Шетелден қаржыланатын кейбір ұйымдар экстремизм белгілеріне сай келеді» – Мәжіліс депутаты

«Шетелден қаржыланатын кейбір ұйымдар экстремизм белгілеріне сай келеді» – Мәжіліс депутаты
Ашық дереккөз.

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов шетелден қаржыландырылатын қазақстандық құқық қорғау ұйымдарының қызметіне қатысты өткір мәлімдеме жасап, олардың кейбірінің әрекетінде экстремизм белгілері бар екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, бірқатар үкіметтік емес ұйымдар құқық қорғау қызметі деген ұранның астында мемлекет институттарына деген сенімді әлсіретіп келеді.

«Шын мәнінде, бұл ұйымдардың көбі ондаған жыл бойы өз еліне деген жеккөрушіліктің жаршысы ретінде жұмыс істеп келеді. Құқық қорғау риторикасының тасасында азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін жүйелі түрде бұзып, тұрақсыздыққа қолайлы орта қалыптастырумен айналысады. Мұндай әрекеттер ұзақ жылдар бойы тиісті құқықтық баға алмай келді. Ал іс жүзінде олардың қызметінде экстремистік әрекет белгілері байқалады», – деді Мәгеррамов.

Алайда депутат өз мәлімдемесін нақты зерттеулермен, сараптамалармен немесе ресми есептермен дәлелдеген жоқ.

Сонымен қатар мәжілісмен шетелден қаржы алатын үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар, бұқаралық ақпарат құралдары және құқық қорғау ұйымдары туралы мемлекеттік тізілімді «иноагенттер тізімі» деп атады.

Оның айтуынша, бұл атау халық арасында кең таралған.

Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстандағы аталған тізілімді Ресейдегі «шетел агенттері туралы» заңмен салыстыру дұрыс емес екенін мәлімдеген болатын.

«Мұнда ешқандай ұқсастық іздеудің қажеті жоқ. Өйткені бұл – шетел агенттері туралы заң емес. Әңгіме тек салықтық есептілік пен қаржылық ашықтық туралы болып отыр», – деген еді министр.

Соған қарамастан Мәгеррамов қазіргі жарияланып жүрген ақпарат жеткіліксіз деп есептейді. Оның пікірінше, шетелдік қаржы алатын ұйымдар туралы мәліметтер көлемін кеңейту қажет.

«Жарияланатын ақпараттың құрамына нақты жобалар мен бағдарламалардың атауы, олардың мақсаты мен тақырыбы, қаражатты бөлу тізбегіндегі мердігерлер мен қосалқы мердігерлер туралы деректер, түпкілікті өнімді әзірлейтін жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтер енгізілуі керек. Сондай-ақ қандай зерттеулер, медиа-науқандар және қоғамдық акциялар қаржыландырылғаны туралы ақпарат та ашық көрсетілуі тиіс», – деді депутат.

Сонымен бірге ол сөзінің ҮЕҰ қызметіне тыйым салу туралы емес екенін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, құқық қорғаушы Роман Реймер Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың қызметі қазірдің өзінде жеткілікті деңгейде ашық екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, ҮЕҰ-лар гранттар мен келісімшарттар туралы ақпаратты, қаржыландыру көздерін және алынған қаражат көлемін жариялап келеді.