Маңғыстау облысындағы «Құрық» кеден бекетінде Қазақстанның 61 жастағы азаматшасынан ел аумағына заңсыз әкелінбек болған 34 зергерлік бұйым тәркіленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, оқиға «Зарифа Әлиева» теңіз кемесін Қазақстанға кіргізу кезінде анықталған.
Кеден қызметкерлерінің назарын 1964 жылы туған Қазақстан азаматы аударған. Әйел жаяу жүргінші ретінде шекарадан өткен. Паспорттық бақылаудан кейін оның жүріс-тұрысы күдік туғызған: ол баяу қозғалып, үнемі қолын іш тұсына қойып жүрген.
Осыдан кейін кеден бекетінің қызметкерлері Шекара қызметі, Экономикалық тергеп-тексеру департаменті және көлік прокуратурасы өкілдерімен бірлесіп жеке тексеру жүргізген.
Тексеру барысында әйелдің жыныс мүшесінен жасырылған 34 зергерлік бұйым табылып, тәркіленді.
Тәркіленген бұйымдардың ішінде сырға мен сақинадан тұратын 15 жиынтық, жеті сақина, үш жұп сырға, бір шынжыр және түрлі үлгідегі сегіз білезік болған.
Аталған факі бойынша Қазақстан заңнамасына сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Мемлекеттік кірістер департаменті адам денесіне тауар жасырып өткізу кеден ережелерін бұзудың ең қауіпті әрі өрескел тәсілдерінің бірі екенін еске салды. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, құзырлы органдар мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз өткізу әрекеттерінің жолын кесу жұмыстарын күшейтілген режимде жалғастырып жатыр.