Мәжіліс отырысында депутаттар Қазақстан мен халықаралық қаржы институттары арасындағы екі қарыз келісімін ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдап, құжаттарды Сенат қарауына жіберді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына сәйкес, алғашқы қарыз Халықаралық қайта құру және даму банкінен тартылады. Қарыз көлемі – 92,3 млрд иен. Қаражат Қазақстанға бес жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда, 11 жыл мерзімге беріледі.
Екінші келісім Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкімен жасалған. Бұл қарыздың көлемі 62,3 млрд иенді құрайды. Оның да өтеу мерзімі – 11 жыл, жеңілдік кезеңі – бес жыл.
Депутат Үнзила Сәдібекованың айтуынша, тартылатын қаражат республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруға және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға бағытталған шараларды іске асыру үшін пайдаланылмақ.
Мәжілісте заң жобаларын талқылау барысында Үкімет өкілдері құжаттарды қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкелмейтінін мәлімдеді. Заң жобалары бойынша жұмыс топтары мен комитеттердің кеңейтілген отырыстары өткізіліп, Парламент Мәжілісінің барлық тұрақты комитеттері оң қорытынды берген.
Нәтижесінде депутаттар екі келісімді де қолдап, оларды одан әрі қарау үшін Сенатқа жолдау туралы шешім қабылдады.