«Қазақмыс» компаниялар тобы Жезқазған өндірістік алаңын ауқымды жаңғырту бағдарламасын жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компания иесі Нұрлан Артықбаев Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевпен бірге Жезқазғандағы негізгі өндірістік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында өндіріс тиімділігін арттыру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту, экологиялық жаңғырту және кәсіпорындардың өндірістік қуатын кеңейту мәселелері талқыланды.
Делегация алдымен Жезқазған мыс балқыту зауытында болды. Мұнда өндірістік қуаттардың сенімділігін арттыру мақсатында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу және жабдықтарды жаңғырту жобалары таныстырылды.
Компания соңғы жылдары өндірісті экологиялық тұрғыдан жаңғыртуға ерекше назар аударып отыр. Осы бағытта Жезқазған мыс балқыту зауыты, «Қазкат» зауыты және Жезқазған байыту фабрикаларының сүзгілеу-кептіру бөлімшелерінде жүзеге асырылған газдандыру жобасы толық аяқталған.
Құны шамамен 4 млн АҚШ долларын құрайтын жоба аясында 20 өндірістік нысан іске қосылып, негізгі технологиялық жабдықтар мазуттан табиғи газға көшірілді.
Нәтижесінде Жезқазған мыс балқыту зауытындағы парниктік газдар шығарындылары 11,79 пайызға төмендеген. Ал сүзгілеу-кептіру бөлімшелеріндегі көрсеткіш шамамен 80 пайызға қысқарған. Компания дерегінше, жобаның жыл сайынғы экономикалық тиімділігі шамамен 4 млрд теңгені құрайды.
Сапар барысында металлургиялық кешенді одан әрі дамытуға арналған жаңа жобалар да таныстырылды. Солардың бірі – құны 200 млн АҚШ долларын құрайтын жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы.
Жоба іске асқан жағдайда күкірт диоксиді шығарындылары екі еседен астам қысқарып, өндіріс заманауи экологиялық талаптарға сәйкестендірілмек.
Сонымен қатар қуаты 35 мегаватт болатын газ-поршеньді электр станциясын салу жоспары да жарияланды. Жобаның инвестициялық құны 24,8 млн еуроны құрайды.
Компанияның бағалауынша, бұл станция кәсіпорынның энергетикалық тәуелсіздігін арттырып, жыл сайын шамамен 5,5 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді.
Делегация сондай-ақ №1, №2 және №3 Жезқазған байыту фабрикаларында болып, технологиялық жабдықтарды жаңарту, шикізатты өңдеу тиімділігін арттыру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының барысымен танысты.
Сапар қорытындысында Нұрлан Артықбаев Жезқазған өндірістік алаңын жаңғырту «Қазақмыс» компаниясының негізгі стратегиялық бағыттарының бірі болып қала беретінін айтты.
Оның сөзінше, алдағы уақытта өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңарту, экологиялық жобаларды жүзеге асыру, қауіпсіздік деңгейін арттыру және жаңа өндірістік шешімдерге инвестиция тарту жұмыстары жалғасады.