Қазақстанда салынатын алғашқы ірі атом электр станциясының жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) 2026 жылы әзірленеді. Осы құжат дайын болғаннан кейін жобаның жалпы құны қайта қаралып, қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Оның айтуынша, АЭС құрылысына қатысты техникалық-экономикалық негіздеме 2025 жылдың желтоқсанына дейін дайын болады. Ал 2026 жылы жобалық-сметалық құжаттарды жасау басталады. Құжаттар толық әзір болған соң, жобаны жүзеге асырудың келесі кезеңіне көшу жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Олжас Бектенов АЭС құрылысына отандық мердігерлердің барынша тартылатынын атап өтті.
"Біз құрылыс жұмыстарына қазақстандық компанияларды мүмкіндігінше көп тартамыз. Дегенмен нақты сандарды айту әзірге ерте. Себебі жобалық-сметалық құжаттама әлі дайын емес. Құжаттар қолымызға тиген соң, барлық дерек нақтыланады. Бірақ ең бастысы — қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы", — деді Үкімет басшысы.
Алдын ала есеп бойынша, атом электр станциясын салу құны 14 миллиард долларды құрауы мүмкін. Алайда жобалық құжаттар әзірленген соң бұл сома артуы ықтимал. Құрылыстың нақты құны құжаттамада көрсетілетін техникалық және қаржылық көрсеткіштерге байланысты болады.
Айта кетейік, күні кеше ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикин Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында елімізде атом электр станциясының (АЭС) құрылысы кемінде екі жылдан кейін басталатынын мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, АЭС салуға ниетті төрт ірі компанияның ішінен коммерциялық ұсыныстарды бағалау және таңдау жұмыстарына бір жыл уақыт кетеді. Одан кейін тағы бір жыл қауіпсіздік, қоршаған ортаға әсері және басқа да техникалық есептерді дайындауға жұмсалмақ.
Барлық құжат дайын болғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады. Жалпы құрылыс шамамен бес жылға созылады. Осылайша, бүкіл процесс жеті жылдай уақыт алады.
Бұған дейін агенттік АЭС-ті жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі мерзімді 10–12 жыл деп болжаған еді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Ресей АЭС құрылысы жөнінде жол картасына қол қойды. Себебі жуырда ресейлік "Росатом" компаниясы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің құрылысын жүргізетін халықаралық консорциумның көшбасшысы болып таңдалды.
Айта кетейік, Қазақстан Атом энергиясы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев елде салынатын атом электр станциясының болжамды құны кемінде 14 миллиард доллар болатынын мәлімдеді.
“Дәл нақты сомасы техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленген соң белгілі болады. Қазір вендор-компаниялардан алынған индикативті параметрлер бар, бірақ олар келісімдер арқылы қорғалған”, — деді ол.
Сәтқалиевтің айтуынша, бұл баға көрсеткіші әлемдегі осыған ұқсас деңгейдегі станциялар құнымен сәйкес келеді.